Механика и Технологии *** Наш адрес: Казахстан, Тараз, ул. Толе би, 60, корпус 2.1 *** телефон: +7 (7262) 45-35-10, fax +7 (7262) 43-24-02 ***

Ыбыналиев Дүйсенбек

ТарМУ-нің Құрметті профессоры – 70 жаста!

23 ақпанда М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-нің Құрметті профессоры, отставкадағы милиция полковнигі, еңбек ардагері Ыбыналиев Дүйсенбек 70 жасқа толды.
Д. Ыбыналиев 1946 жылы 23 ақпанда Жамбыл облысы, Свердлов ауданы, Жасөркен ауылында дүниеге келді.
1953 жылы орта мектепке барып, оны 1963 жылы аяқтады. 1964 жылы Алматы Кеңестік сауда техникумына «Бухгалтер» мамандығы бойынша оқуға түсіп, аталған оқу орнын 1966 жылы бітірді. Сол жылы бағыттама бойынша Орал қаласының асханалық ресторандар трестіне жұмысқа жіберілді.
1967 жылы КСРО қарулы күштерінің қатарына шақырылып, әскери борышын Байқоңыр қаласындағы Космос орталығында өтеді. Әскер қатарында жүргенде КОКП қатарына қабылданды. 1969 жылы әскери міндеті аяқталып, Жамбыл қаласына қайта оралды. Қалалық партия комитетінің ұсынысы бойынша ішкі істер органдарының қатарына қызметке жолдама алды. Қызметін Қаратау ҚІІБ Жаңатас ПМБ учаскелік инспекторы лауазымынан бастады. Бір жылдан кейін (1970 жылы) аталған ПМБ ШМКБ инспекторы қызметіне тағайындалды, артынша Жамбыл ҚІІБ ШМҚБ аға инспекторы қызметіне ауыстырылды.
1974 жылы Свердлов ауданының АІІБ күшейту мақсатында АІІБ бастығының орынбасары қызметіне жіберілді. 1976 жылы Жамбыл облыстық атқару комитетінің ІІБ қылмыстық іздеу бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалды. Сол жылы Жамбыл облыстық атқару комитетінің ІІБ ШМҚБ бөлім басшысы қызметіне жіберілді. 1978 жылы Жамбыл облыстық атқару комитетінің ІІБ ШМҚБ бастығы болып тағайындалды.
1985-1992 жылдары ІІБ кадрлар бөлімі бастығының көмекшісі, ІІБ тергеу қызметінің аға инспекторы, ІІБ ақпараттық орталығының бастығы, ІІБ саладан тыс күзет бөлімінің бастығы, аталған басқарма бастығы қызметтерінде еңбек етті.
1992 жылы Қазақ КСР ІІМ сыбайлас жемқорлықпен және коррупциямен күрес бас басқармасының бастығы қызметіне тағайындалды, кейіннен бұл құрылым ҚР МТК болып өзгертілді.
Еңбек жолын милиция аға сержанты атағынан бастап, отставкадағы милиция полковнигі атағымен аяқтады.
Қызмет жылдарында КСРО ІІМ, Қазақ КСР және Жамбыл облысы ІІБ жалпы саны 32 наградасымен марапатталған, атап айтқанда: барлық дәрежедегі «Еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Бауыржан Момышұлы», «С.Нұрмағамбетов», «ІІМ М.А. Шолохов», «Күзеттің 70 жылдығы», «ІІМ 20 жылдығы», «Ішкі істер органдарының ардагері» медальдары, «Ар-Намыс», «ҚР Ішкі істер үздігі», «Милиция үздігі» белгілері, «ҚазҰАУ 85 жылдығы» алтын медалі.
Әр жылдары КСРО ІІМ Қарағанды жоғарғы мектебін, КСРО ІІМ Горьков жоғарғы мектебінің ШМҚБ курстарын, Мәскеу қаласындағы КСРО ІІМ академиясында біліктілігін жоғарылатқан.
1997 жылы зейнеттік жасқа жетуіне байланысты еңбек демалысына шықты. Сол жылы «Заң» ЖШС ашып, жеке кәсіпкерлікпен айналысуда.
2001 жылы спорттық-етті-сүтті бағыттағы жылқылармен айналысатын «Абсент» асыл тұқымды мал шаруашылығын ашты. 2012 жылдан ҚР жылқы федерациясы Жамбыл филиалының директоры. 2013 жылы етті-сүтті бағыттағы жылқы шаруашылығы палатасын ашты, қазіргі кезде аталған палатаның төрағасы.
ҚР АШМ ғылыми кеңесінің мүшесі, ҚазҰАУ Қымыз орталығы директорының орынбасары, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ Құрметті профессоры.
Д. Ыбыналиевтың жетекшілігіндегі «Заң» ЖШС мен М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-нің арасындағы ынтымақтастық 2012 жылдан басталып, күні бүгінге дейін өз жалғасын тауып келеді. «Заң» ЖШС өндіретін бие сүтін, оның негізінде жасалатын қымызды ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстарымен университеттің «А.С. Ахметов атындағы Наноинженерлі зерттеу әдістері» инженерлі бейінді зертханасының ғалымдары айналысуда. Зерттеу жұмыстарының басты бағыты – қымыз құрамындағы пайдалы заттарды сақтай отырып, оның сақталу мерзімін ұзарту, бие сүті мен қымызды құрғатудың қажетті режимдерін анықтап, құрғатылған бие сүті мен қымыз алу, құрғатылған бие сүті негізінде балалар тағамын әзірлеу және т.б. болып табылады.
Жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде университет ғалымдары мен серіктестік өкілдері және Жамбыл облысы санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының мамандары бірлесіп, ешқандай консерванттар қоспасынсыз қымызды 60 күнге дейін сақтауға мүмкіндік беретін «Заң» ЖШС кәсіпорын стандартын дайындады. «Заң» ЖШС өндіретін қымызға «Хан қымыз» тауарлық белгісі алынды. Қазақстанда алғаш рет ұзақ сақталатын табиғи қымыз дайындау тәсіліне ҚР инновациялық патенті алынды. «Заң» ЖШС негізінде қымызды өнеркәсіптік өндіру бойынша цех ашылып, қазіргі кезде жұмыс істеуде.
2013 жылдың шілдесінде М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-де қымыз өндірісі бойынша аймақтық семинар-кеңес, ал 2013 жылдың қазан айында Қазақстанда тұңғыш рет еліміздің 6 облысының, Қырғызстан, Ресей және Түркия елдері өкілдерінің қатысуымен «Қымыз-2013» бірінші республикалық форумы өткізілді.
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-нің бастамасының жалғасы ретінде «Қымыз-2014» республикалық форумы Алматы қаласында ҚазҰАУ өткізілді. Аталған форум жұмысына Ресей, Қытай, Түркия, Моңғолия және Қырғызстан елдерінің ғалымдары мен өндіріс мамандары қатысты.
Бұл үрдіс тұрақты дәстүрге айналып, «Қымыз-2015» үшінші халықаралық форумы 2015 жылы Астана қаласында С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ өткізілді. Форум жұмысына қоғам қайраткерлері, отандық және шетел ғалымдары, өндіріс өкілдері және қалың көпшілік қатысып, қымыз өндірісі саласын дамыту мәселелері талқыланды.
Қазіргі кезде университеттің «А.С. Ахметов атындағы Наноинженерлі зерттеу әдістері» инженерлі бейінді зертханасында «Заң» ЖШС бірлесіп, қымыздың сақталу мерзімін 6 айға дейін ұзарту бойынша тиісті зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған қоса, құрғақ бие сүті негізінде балалар тағамын жасауға бағытталған зерттеулер де орындалу үстінде.
«Механика және технологиялар» журналының редакция ұжымы Дүйсенбек Ыбыналиевты мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат пен толағай табыстар тілейді. Отбасы аман болып, ісінің оңға баса беруін, еңбегінің жемісін ұзағынан көріп, құрмет-қошеметке бөлене беруіне шынайы тілектестік білдіреді.

Наверх

При использовании материалов с сайта обратная ссылка обязательна!
© - Механика и Технологии
Разработано: Агентство "5-й Элемент"